Мектеп- білім кемесі .
Халқымыздың ұлы ағартушылары мен көреген кемеңгерлері білім мен ғылымға баса назар аударып, жастарды оқуға, білім алуға және осы іске өздерінің нақты үлестерін қосқан.
Ойшыл Абай Құнанбаев:
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім,
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім»,-деп өзінің өкінішін жазды.
Алғашқы ұстаз әрі қазақ мектебін ашқан
Ыбырай Алтынсарин:
«Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық»,- деп үндеу өлең жазды.
Ұлтымыздың ұстазы атанған, тіл білімінің негізін қалаған ғұлама ғалым әрі ақын және «Әліппені» құрастырған Ахмет Байтұрсынов халқы үшін мол мұра қалдырды.
Осы ойшылдардың айтқандары мен көрсеткен үлгілері біртіндеп іске аса бастады. Халық арасында «Білім- теңіз, мектеп- кеме», «Кітапсыз білім жоқ, кітап- білім бұлағы деген қанатты да нақыл сөздер тарады. Жастардың оқуға, білім алуға деген ынтасы мен ықыласы пайда болды. Алғашқы кезде бастауыш, одан соң жетіжылдық білім үлкен жетістік саналды.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Малай (қазіргі Мәдениет) ауылында да бастауыш мектеп ашылды. Мектеп екі бөлмелі кішірек ағаш үй болды. Осы мектепте ауылдың ұл-қыздары жиырма жылдай бастауыш білім алды. Отызыншы жылдар халық үшін аса ауыр кезең болды. Қолдан әдейі жасалған үш жылғы аштық, бес жыл бойы халық жауларын іздеген саяси қуғын-сүргін соңы фашистік Германиямен төрт жылғы сұрапыл соғысқа ұласты. Ауыл жастарының көпшілігі төрт кластық білімді қанағат етті. Мектептің алғашқы мұғалімі Ширан Қыдырбеков болды. Ол кезде мұғалімнің абыройы асқақ, беделі биік, дәрежесі жоғары ауылдағы қадірлі де сыйлы адам болатын. Мектеп оқушылырын қойып, олардың ата-аналары ұстаздың алдынан кесе көлдеңеңдеп өтпейтін. Оқушылар үшін мұғалімнің айтқаны көзбен көргендей, қолмен ұстағандай ақиқат саналатын. Алдымен балалардың жүріс- тұрысына, сөйлеген сөзі мен киген киімінің тазалығына баса назар аударатын. Ата- аналар балаларына мұғалімнің айтқанын мұқият тыңдап, бұлжытпай орында деп тапсыратын. Осы талаптардың арқасында жастар саналы тәрбие мен сапалы білім алды. Ол кезде мектептің бар жабдығы тақтайдан жасалған парталар мен кара тақта, мұғалімнің үстелі мен орындығы ғана болатын. Айналдырған екі бөлмеде бірінші мен үшінші, екінші мен төртінші кластар біріктіріліп оқытатын. Басқа амал жоқ.
1944 жылы аудандық атқару комитеті бастауыш мектеп жетіжылдық болсын деген қаулы шығарды. Осы жылы мамыр айынан бастап мектеп үйіне жалғастырып класс бөлмелері салына бастайды. Бұл құрылыс үш жыл бойы жүргізіліп, алты бөлме, ұзындығы он бес метр, көлденеңі алты метр коридор салынды. Мектеп құрылысына қажетті ағаш жабдықтарын Үлкен түкті орман шаруашылығынан пар өгіз жеккен ұзын арбамен Мәукен Әбілдин мен Тасен Ахметов тасып тұрды, Балабек Әбілдин, Ақып пен Қара Әзбаевтар, Қажен Есқақов пен Қанафия Бекембаевтар ұзын әрі жуан бөренелерді кесіп және төрт қырлап шауып класс бөлмелерін құрды. 1944-1945 оқу жылдарында 5 классқа он екі оқушы қабылданды. Олар Малай мен Қасқа ауылдарының 14-15 жастағы балалар еді. Мектеп директоры болып Адрахман Байбұланов, мұғалімдер Қаби Сейітқасымов, Жазетов Мұрат, Мариям Байбұланова, Жәнәбіл Өлмесеков, Аллаберген Шәкіров, Ғаббас Тлеубаев, Шәкім және Қайроллалар келді. Осылайша ауылдың мәдени өмірінде үлкен
жаңалық әрі өзгеріс болды. Ауыл тұрғындары мен балалардың қуанышынан төбелері көкке жете жаздады. Бұл білім алудың қуанышы еді.
Осы он бес оқушы 1947 жылы алғаш рет жеті жылдық мектепті бітіріп, қолдарына білім куәлігін алды. Олардың жетеуі жігіт, бесеуі қыз еді. Бұлардың алтауы Атбасар қазақ орта мектебін бітірсе, үшеуі педучилищені аяқтап мұғалім Дипломын алды.
Орта мектепті тәмамдап Аттестат алған Қатай Нұртазин Ташкент теміржол институтында оқып Диплом алса, қарындасы Нұртазина Луиза Алматыдағы қыздар институтын аяқтап математика мұғалімі, ал Молкенов Арыстанбек Алматы тау-кең институтының Дипломын алды. Үшеуі де алғашқы жоғары білімді мамандар болып, абыройлы қызмет атқарды. Осы он екінің үшеуі сексен жасты белінен басып, аман- сау жүріп жатыр.
Мәдениет жетіжылдық мектебі тоғыз жылда 83 жасөспірімге саналы тәрбие мен сапалы білім берді. Бұл мектепте Малай,Қасқа,Ақтассай мен Тасбұлақ ауылдарынын жастары жеті кластық білім алып,одан әрі орта мектептерде оқып, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында мамандық алды.
Тың жерлерді игеруге байланысты Мәдениет қазақ мектебі жабылып,оқу орыс тілінде жүргізілді. Одан бері де алпыс жылдам астам уақыт өтті. Мектептің аты сегізжылдық,тоғызжылдық және орта болып үш рет өзгерді.1981жылы екі қабатты 460 орындық спортзалы, асханасы,мұражай бөлмесі бар мектеп ғимараты салынды. Білім беру кабинеттік жүйеде жүргізіледі.
1989 жылы қазақ сыныбы ашылып, тәрбие мен білім беру қазақ және орыс тілдерінде жүргізіліп келеді.
Осы 90 жылдың ішінде мыңнан астам ауылдың жасөспірімдері қолдарына Куәлік пен Аттестат алып үлкен өмір жолына аттанып, көпшілігі жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітіріп, мамандық игеріп, әр салада жемісті еңбек етіп жатыр. Олардың қатарында Қазақ Ұлттық ауылшаруашылық университетінің профессоры Қайырбек Жаңабаев, ғылым кандидаттары Ғалым Шойкин мен Самат Қожахметов, полковниктер Қымбат Абенова, Мұхитбек Божығұлов пен Есембек Сабыровтар, сәулет өнерімен айналысушы Блялов Мұрат, Аманбаев Манатай, Ахметов Адай, спортқа ден қойған ағайынды Игорь мен Алексей Кульбаба, ондаған агрономдар, инженерлер, экономистер, мұғалімдер, дәрігерлер және басқа мамандық иелері, механизаторлар, жүргізушілер, құрылысшылар, аспазшылар, малшылар және тағы басқалары бар. Осылардың бәрі бір ауылдан және бір мектептен түлеп ұшқан түлектер.Білім теңізінде емін-еркін жүзіп жүрген мектеп кеменің ғұмыры мәңгілік,сапары сәтті бола бермек.
Төлеген Жаңабаев, зейнеткер-ұстаз, ҚР білім беру үздігі
Мәдениет ауылы, 12 сәуір 2017 жыл